Пікірлер

                                                             *Барлық өлеңдерін көру*
Жақсы шығарма - жан азығы
Алтынбек Қоразбаев

Қазақстанның халық әртісі, сазгер


Бізді Рахым ағамызбен таныстырған, табыстырған - Өнер деген үлкен ауылдың өрісі. Мен сырттай ол кісі жайында аздаған әңгіме естігенім болмаса, ауыз екі тілдеспеген кісім.
Сарыағашта кездестік, бірден тіл табысып кеттік. Санаториядағы әр күніміз емес, әр сағатымыз жақсы әңгімеге, өнер әлеміне, өлең мен саз ауылына қарай ойысты. Тарихқа емес, біз өзіміздің жүрек қалауымызбен келген салаға қарай ойыстық. Мен Ракеңнің біраз шығармаларымен танысқанмен, ол кісінің адам ретіндегі адамгершілік қасиетіне, адаммен тіл табысуына терең мән бермеппін. Осында жатып кітаптарын түгелдей дерлік ақтарып шықтым. Жай ғана парақтағаным жоқ, жүректен шыққан сөзді жүрекпен қабылдауға тырыстым. Әр өлеңінің астарына ерекше мән бердім. Сөйтіп жүргенде көңіліме бір жақсы сөздер шуақ болып төгілді. Рахым Балабиев ағамыздың «Сағындым сені» деген өлеңі мені бірден баурап алды. Қолым домбыраға созылды. Қос ішек өзінен өзі бір әдемі әуенге қарай мені тарта берді. Сол ән дәл осы тақырыппен өмірге келді. Ракеңнің өлеңі әнге өзі сұранып тұр екен. Тек менің сазымды ғана сағынып жүргендігін осы ән өмірге келгеннен кейін бірден түсіндім.

Бала мінезін бөлекше бағалаймы
Мархабат Байғұт,

Жазушы-публицист,

«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Рахым көкеміз екеуміздің ныспыларымыз,  яғни есімдеріміз бір ұғымды білдіреді. Мархабат деген сөздің негізгі түп-төркіні арабтың тілінде Рахым дегенді білдіреді. Рахым Балабиевтің болмыс - бітімінен мен ең алдымен балалықтың, балалық шақтың бүлінбей сақталған белгілерін байқаймын. Ағамыздың ақындығы, шайырлығы, қажылығы хақында басқалар айтар, жазар. Ал мен Рахым көкемнің бойындағы балалық қасиеттерді бөлекше бағалаймын. Балалық шағын мүлде ұмытқан адамдарда айнала - төңірегімізде аз емес. Пейіл- пиғылдарынан, нысай-ниеттерінен, әрекеттерінен, күлкілерінен сәбилік, балалық белгілер, тазалық тіндер, ділдегі мұқым-мүлде аңғарылмайтын адамдар жетіп артылады. Мына заманда. Ал, Рахым ағамыздан балалық белгілер байқалады. Аңқылдап күлетін, аңғал сөйлейтн, аңтарыла қарап қалатын сәттері анық аңғарылады.

Жүрегі ән тербеген жан
Бекжігіт Сердәлі, 

композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері


  Әнге өлең жазатын ақындар көп емес. Саусақпен санарлық. Тұманбай, Мұзафар, Сабырхан, Шөмішбай, Ибрагим, Несіпбек, Исрайыл... Бұлардың қатарына мен Рахым Балабиевті де қосар едім. Олай дейтінім, жаңа туған әннің бунағын немесе буынын ыңылдап берсең болғаны, Рахаң сол сәтте-ақ алысқа ұзатпай сөзін сүйкей салады. Жүрегі ән тербеген жандар ғана осылай толғатып, сазгер емеурінін айтқызбай ұқса керек. Ал мөлдіреген поэзия қашанда жақсы әнді көкке көтереді. Өңір композиторларының Рахым өлеңдеріне «ғашықтығының» себебін түсінуге болады. Рахым қазіргі «сөз құрағыш» кейбір ақындар сияқты емес, сөз маржанын әнге икемдеп әдемі өре қояды. Сазға салсаң құйыла кетеді. Осы жолдардың авторы әнін туғызып, Рахаң сөзін жазған «Неге, неге» әні – ғасырдан ғасырға қалар құнды туынды. Оны жас та, кәрі де құмарта орындайды. Халықтың жүрегіндегі сөзді жеткізген ақынның поэзиясы облысымыздың талантты композиторларына әлі де мәңгілік азық бола бермек.

"Екі дүние нұры" кітабы
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұлағатты өмір жолы туралы көп мағлұмат береді

       Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз туралы қаншама тамаша шығармалар жазылып жарық көрді. Әлбетте, ондай дүниелер қанша жазылса да көптік етпейді. Әйтсе де ана тілімізде мұндай туындылар саусақпен санарлық. Оның өзі де Кеңес дәуіріне дейін жазылған. Ел егемендігімен бірге халқымен қауышқан дініміздің енді ғана аяғынан тұрып келе жатқаны да, жамағатымыздың да діни сауатының біртіндеп өсу үстінде екені де шындық. Соған қарамай бірқатар қаламгерлеріміздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы діни-танымдық, прозалық, поэзиялық жанрларда қалам тарта бастағаны сүйсіндіреді. Алды жарық көріпте жатыр. Жақсы туынды жағымды әсер қалдырып, оқырманын ризашылыққа бөлейді. Соның бірі – ақын Рахым қажы Балабиев. Ол шығармадағы оқиғалар желісін өлеңге айналдырып жазып шыққан. Оның бірқатар бөлігі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арналған салауат. Мәуліт мерекелерінде де айтуға болады....

     Құлағымен есітіп, жан – дүниесін тербеген оқиғалар мен шығармалар бойынша қисса-дастандар жазу ежелден қалыптасқан үрдіс. Соны жалғастырушы Рахым қажы Балабиевтің «Екі дүние нұры» атты қос томдығы сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұлағатты өмір жолы туралы білгісі келген қандастарымызға мол мағлұмат берері және жақсы әсер қалдырары сөзсіз.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы

Өмірлік өнегеге толы шаңыпақ
Қайрат Рахымұлы Балабиев,

Заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы

Рахым тәтем (біз барлық балалары әкеміз Рахымды осылай атаймыз) жұрт қамшының сабындай деп санайтын саналы ғұмырында көп жәйтті бастан өткерді. Сырттағысын біз білгенмен, іштей толқығанын, жабырқағанын, ашуланғанын, жүрекке жүк түсірер жағдайларын ол кісі бізге сездірмеуге әркез тырысатын. Әлі де солай. Міне, менің әкемнен алған өмірлік бір сабағым өзімнің кәдеме жарапта жүр. Саласы мүлдем басқа жұмыста жүріп Алланың берген қасиетімен өлеңді өзіне енші етіп алды. Бұрыннан жазатын. Кентаудың газеті мен Түлкібастың "Шамшырағында" ол кісінің бір өлеңі жарқырап шыққанда біздің де бала көңілімізге бір жылы шуақ ұялайтын. Айқайлап айтпағанмен, ішімізден «Біздің әкеміз ақын» деп бас көтерген сезімімізді сыртқа жаймағанмен, іштей мақтан тұтып, көңіліміз тасып, мерейіміз асып жүретін. Сол мақтаныш, сол сезім бүгінде біздің жан жүрегіміз бен ой санамыздан берік орын тепкен. Қызметтің басын ұстаған, басшылықта жүрген, басшылықтың дәмін еңбекпен татқан дәл қазіргі күнде де біз ешқайсымыз ата-ананың алдын кескеніміз жоқ. «Ой, қойыңызшы, сізде бір»... дейтіндей бөгде бір әңгіме айтқанымыз жоқ. Осыған қуанамыз. Ата-анамыздан алғандарымызды қазірде бойымызға нәр етіп сіңірудеміз. Сөйтіп сол кісілердей қария болуға, елдің қадіріне бөленуге құмбыл ниетте күй кешудеміз. Біз өмірлік өнегені басқа жақтан емес, Балабиевтердің қасиетті қара-шаңырағынан ғана іздейміз.

Қайырымды азамат
Ысқақ Тұрғанбайұлы Жұмашев, 

Кентау қаласының «Құметті азаматы», Республикаға еңбегі сіңген дәрігер, «Алтын жүрек» номинациясының иегері

 Ел егемендігін алған елең-алаң шақта отбасымызбен ақылдаса отырып, тастынды балаларды тәрбиемізге алдық. «Ар-Нұр» отбасылық балалар үйін аштық. Арасы үзіліп-созылып босағамыздан аттаған сегіз балаға қамқор әке-шеше, әрі ата-әже болдық. Бұл қартайғанда көрген қызығымыз ғана емес, қиын тірлігіміз болды. Жалпы жетімдерді емес, өз балаңды өсіру де оңай тірлік емес. Біздің отбасында ешкім кәсіпкер емес, бизнеспен айналыспайды, артық қаржының көзі тағы жоқ. Қиналған кездеріміз көп болды. Бірақ қолға алған ісімізге өкінгеніміз жоқ. Тап осындай сындарлы сәтте отбасымызға қол ұшын беріп, көп көмек жасаған – өзім көптен білетін кентаулық азамат, ақын, кәсіпкер, Акбар қажы Рахым Балабиев болды. Айтып жатамыз ғой «Адамның жақсылығын айт нұры тасысын» деп. Рахым бауырымыз біздің жағдайымызды ұдайы біліп, қажетті нәрсемізді үлкен-кіші демей тауып беруге барын салды, назардан тыс қалдырған жоқ. Әр кездескен сайын "Сәке, бүлдіршіндерің қандай, дені – басы сау өсіп келе ме?" деп бүге-шігесіне дейін сұрауды дағдыға айналдырды.  Қандай бір мереке болмасын біздің балаларымыз ол кісінің назарынан тыс қалған жоқ. Осылай басталған аралас-құраластығымыз бізді етене жақын ағайын етіп жіберді. Мен осынау жылдарда Рахымдай қарияның бүкіл азаматтық болмысын, адамгершілік қасиетін, жүрегінің мейірге толы екендігін жан-жақты ұғындым. Оған тәнті болдым.

Поделиться

Комментариев нет:

Отправить комментарий