Күн райының бір мезеті

Күн райының бір мезеті

Кешегі жоқ жүзінің жылы жайы,
Бұзылып тұр суынып күн райы.
Бір өсекті жағымсыз жеткізді ме, 
Сыпсыңдаған сумаң жел сұмырайы.


Күннің қашан жібір деп қас - қабағы,
Дала байқұс бұғынып бас бағады?!
Төпелетіп бұршақпен ұрар ма екен,
Қыр да сезді бір сұмдық басталады?!

Күйге түсіп бəрі де демде жадау,
Жаутаң қаққан жатаған дөңдер анау.
Сыбырласып шағыл құм шилеуітпен,
Кіруге де жусандар жерге бар - ау!

Күн дидары ашудан күлбеттенген,
Бұлт үйірілді аспанда түйдектелген.
Қалмаспыз деп қазір - ақ бір дауылдан,
Сығалайды қалтырап гүл бөктерден.

Келген еді қарқынмен құлатар бар,
Басу айтты ақ бас тау сірə шалдар.
Күннің қайтты ашуы бұлт ыдырап,
Жамырады жадырап құба талдар...
     МҰХИТ МАХАЖАНОВ

Комментариев нет:

Отправить комментарий