Ессіздік

Ессіздік 

Етене жақын достар болмасақ та аракідік бір - бірімізді іздейтініміз бар. Сол үрдіс бойынша екі кештің арасында Масанның үйіне бас сұқтым. Жергілікті теле арнада көрсетіліп жатқан қаланың жаңалықтарын қарап отыр екен. 
Ашаң жүзді, кең иықты, шашына селеу түскен ел ағасы дерлік жастағы кісі мінберден тыңдаушы халыққа қарап сөйлеп тұр. 

"Оқушылардың үлгерімі жақсы" "Тəртіп жағынан да ұятты емеспіз" Осы кезде жүзін маған бұрған Масан, экрандағы кісіні иегімен нұсқап көрсетіп:
- Менің балам осы басқаратын мектепте оқыған кезінде бұл директордың сорасы талай ағып еді - деді.
Білім саласындағылардың есеп беру жиналысы екен ғой деп ой түйген мен, баласының бұзық болғанына мақтанған Масанның сөзін естіген соң , "мынау  не деп отыр"? - деп ойладым. 
Жоғары білімді Масанның бір ұл, бір қызы бар. Ұлының аты Секен, қызының есімі Қарлығаш.  Есіме Секен жайлы елден естіген əңгіме түсті. 
Жекен атты жасөспірімнің Қарлығашты қаттырақ сөзбен ренжіткенін көргендер болған жайтты ағасы Секенге жеткізеді. Бір топ достарымен Жекенді аңдып жүріп көшеде ұстаған Секен оны өздерімен бірге көлікке отырғызып, қаланың сыртына алып шығады.
- Сен менің қарындасымды неге ренжітесің? 
- Мен оған əзілдеп сөйлеп едім, ол маған дөрекі жауап қайтарды. Сосын мен қарап қала  алмадым. Бірақ кейінірек қарындасыңнан кешірім сұрадым. Алдын  ала келісіп алған достарының бірі Секен мен Жекен сөз алмасып тұрғанда, қалтасына сала шыққан қысқа темірдің үшкір ұшымен ақ тақырға айналдыра шеңбер сызған. Жекенді сол шеңбердің ішінде тұруға мəжбүрлеген Секен: 
- Егер шеңберден сыртқа шықпасаң біз саған тимейміз. Ал шыға қалсаң өз обалың өзіңе деп өзі достарымен шеңберді айнала қоршай тұрады. Əрқайсысы қолдарына жерден бірнеше тастан жинап алған. Енді сол қолдарына жинаған тастармен шеңбердің ішіндегі Жекеннің екі аяғын нысанаға алып, жан - жағынан атқылай бастайды. Қос аяқтап секірген Жекеннің тобығына ауырлау тас тиіп, ойбайға басқан ол шеңбердің сыртына секектеп шығып кетеді. 
Осы мезетте Секен бастаған топ оны итше тепкілеген. Айыздары қанғанша таяқтап болған соң Жекенді көлікке көтеріп салып, қалаға жеткізеді де, "тісіңнен шығарсаң өлтіріп кетеміз" - деп қорқыта сөйлеп, əлдебір көшеге түсіріп жөндеріне  кеткен. 
Қағынған топқа қосылып, əкесіне бағынбай жүрген шығар деп  ойлайтынмын. 
Ал қазір баласының бұзықтығын мақтаныш еткен əкесінің сөзін естігенде бойымда Масанға деген жиреніш оянды. 
- Директорды жылатқан балаң , басқаларды да жылатып жүрген көрінеді. "Иттің иесі болса, бөрінің тəңірі бар" - деген. Бір күні болмаса, бір күні балаң опық жейді ғой. Масан маған жақтырмаған күйде ошарыла қарады.
- Оны кім айтты?
- "Ел құлағы елу" Халықтың ішінде жүрген соң естиміз. Балаңа бақыт тілесең бетімен жібермей қайтарғаның жөн. Сен оның бұзықтығын мақтан етем деп жүріп, бармағыңды шайнап қалма!
- Сен маған ақыл айтуға келдің бе?
- Жоқ. Сөздің орайы келген соң айтқаным ғой. Жарайды - мен қайтайын. 
Жүзі күлбеттенген Масан есікке дейін шығарып салатын əдетінен айнып, теледидарға қадалған күйде қалды. 
Былай шыға; япырым - ай, "басқа бəле тілден" - дегеннің керімен қағысып қала жаздадым - ау деп ойладым. Десе де "балам бұзық" - деп мақтану ессіздік емес пе?!  

... Кейбіреудің ойлауы келте емес пе,
Не деп болар ақылсыз кеңкелеске.
Қырық жаста айтады "арқала" деп,
Егер бала бет қақпай тентек өссе.

Əкесі мен масыл боп шешесіне,
Иианды сөз жетпейді жетесіне.
Дəл өзіндей тентекпен тіл табысып,
Бүлдіреді маңайын есесіне.

Бала өссе осылай əулекі боп,
Тыя да алмас жабылып əулеті боп.
Шолжаңдатқан баланың байқағанға,
Жан - жағына тиеді əуресі көп...
                                ©: Мұхит Махажанов

Комментариев нет:

Отправить комментарий