Еңістен көтеріліп биікті алған

Еңістен көтеріліп биікті алған

Тоғызақбаев Жеңіс Бөрібекұлы 1965 - жылдың 8 - ші мамырында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген.
1982 жылы Шымкент қаласындағы нөмірі 32 М Əуезов атындағы орта мектепті бітірген соң , Жамбыл қаласындағы Тамақ жəне жеңіл өнеркəсіп технологиялық институтының "Тамақ өнеркəсібінің инженер -  механигі" факультетіне түсіп, 1987 жылы бітіріп шықты. Айтылмыш жылы жоғары оқу орнын тамамдай сала қызметке кіріскен Жеңіс  Кентау қаласындағы "Сүт зауытында" технолог мамандығынан бастап, өнідіріс бастығына дейінгі аралықта  қызметтер атқарды.

1993 - 1994 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Калинин совхозында директордың коммерция жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 1994 - 1996 жылдар аралығында Шымкент қалалық ипподромы директорының орынбасары  қызметін атқарды. 
Онан кейінгі жылдарда да бірнеше жоғары қызметтердің құлағын ұстаған Жеңіс Бөрібекұлы өзі атқарған еңбек жолында халыққа барынша адал қызмет етіп, елдің алғысына бөленді. Бүгінде Жеңіс Бөрібекұлы Жамбыл облысы Сарысу ауданының құрметті азаматы. Туған жері Жайылма ауылында өз қаржысы есебінен спорт кешенін салып, сол жылдары ел басымыздың кəсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша тағайындалған "Парыз" сыйлығының күміс жүлдегері  атанды. Халықаралық спорт турнирлеріне демеушілік көмек көрсетіп жүрген ол, облыстық жəне қалалық əкімшілік тарапынан бірнеше рет мақтау грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.  Бірнеше жылдар бойы Шымкент қаласындағы зағиптар қоғамына өз қаржысы есебінен материалдық қолдау көрсетіп келеді.

...Ертерек ер жетсем екен деп армандайтын Жеңіс досым орта мектепті бітіре сала, арман шырағын қолына ұстап Жамбыл қаласына оқуға аттанғанда көк елес қуған көкөрім бала еді.  Зымырандай зымыраған уақытта тоқтам бар ма? Айлар аунап, жылдар жылжып онан бері де талай уақыт аққан жұлдыздай өте шығыпты. Кез келген қиындықтан жол тауып шыға білетін Жеңіс досымның бойынан ерте кездің өзінде - ақ тапқырлық қабылеттері аңғарылып тұратын еді. Ең бастысы Жеңісте басқаға деген жанашырлық басым болды. Сол сүттей таза пейілінің ақтығынан шығар, қай жұмыста болмасын тəңір оның абыройын асқақ етті. Бір дастарханның басында  жүздесе қалғанда балалықтың бал - дəуренін есімізге ап, əңгіме қаузайтынымыз бар.
- Шіркін! Айлы кештерде ауыл етегінде қыз күтіп тұратын жылдар - ай! Біздер ғашық болған сол арулар бүгінде басқа ошақтың түтінін түтетіп, бөтен жандарға жар болды - дейді Жеңіс мазаны алған аңсаудың лебі жүзінен есіп.
-  Жүректе шырын қиял тербеткен, қайран күндерден ауыл аспанында мөлдіреген əніміз қалды ғой - деймін мен сөзді сабақтап.  Сағындырған жылдарды еске алған əңгімеміз кейде таң атыратын мезгілге созылады.
"Жас шағында байқары бардың , қартайғанда айтары бар" - деген емес пе, - шырғалаң өмірдің шырмауына шырмалып, шыдам қалқандары шарт сынғалы жүрген жандарға талмай көмек көрсетіп жүрген Жеңіс досымның ізгі əрекеттерін көргенде басқаларға үлгі етіп мақтана алатындай осындай досым барына өз басым кейде шүкіршілік етіп, қуанамын.  Жеңістей азаматтаарымыз көп болса, тұтастығымыздың берік болары сөзсіз.  Ендеше жұмсақ жүректі Жеңістің көркем мінезі өзгелерге жұғысты болсын деген ниетпен ол жайлы жұқалап болса да жалпы жұртқа жеткізсем деп қолыма қалған едім.  Алладан азаматтың амандығын тілеп, қайда жүрсең де жолың болсын Жеңіс досым! - демекпін.
                       МҰХИТ  МАХАЖАНОВ

Комментариев нет:

Отправить комментарий