Болатынмын он сегізде

Болатынмын он сегізде 

Жұлдыздардай қол жетпес ғарыштағы,
Ұзап кеткен жылдар ғой алыстағы.
Ұмытылмай алғашқы махаббаттың ,
Қиын екен дерт болып жабысқаны. 


Сағынышпен қарайлап өткен ізге,
Сүңгіп кетем мен жиі ой теңізге.
Бал еріннің шырынын татқанымда,
Болатынмын от жалын он сегізде.

Жұғысқанда жұтып ыстық демін мен,
Беймəлім күш тандырғанды есімнен.
Шəрбатына махаббаттың мас  болып,
Кереметін тылсым күштің сезінгем.

Қызық шақтың болғаны əні қысқа,
Шара жоғы қиын - ақ жазмышқа.
Жылмаңдаған жылмақай жолын тауып,
Қағып кетті бағымды қапылыста.

"Əттең - ай" - деп өкініп жан езілді,
Аңсағанда жүрегім сан егілді.
Махаббатым жазылмас жара салған,
Сағынамын əлі сол əдемімді.

Құшағында қызса да күйіп денем, 
Қымбатына ол қыздың тиіспеп ем.
Сыз қалдырып санамда сағым жылдар,
Тағдыр маған əуелден илікпеген.
     ©МҰХИТ МАХАЖАНОВ

Комментариев нет:

Отправить комментарий