Бауыр жайында

Бауыр жайында
(Ел аузындағы аңыз бойынша)

Тəрбиеге үйренер бала бастан,
Опынады абайсыз жаза басқан.
Жатбауыр боп суынып кетпес үшін,
Жөн болады туысқа араласқан.


Шамы жанып ішкі жан сарайында,
Жақын жүрер жақсылар ағайынға.
Ел аузында сақталған бір аңызды,
Жеткізейін сөз жігін табайын да.

Білмегенге бұл аңыз мəлім болсын,
Кейбіреуге деген ой тəлім қонсын.
Бауыр жайлы сабақ ап біраз адам,
Жақындықтың толайым жағын көрсін.

Жаугершілік сонау бір заманында,
Жаудың қалған аз қазақ аранында.
Дұшпандарға күштері жетпеген соң ,
Қазақ қашқан амалсыз аманында.

Қиын кезең қан төгіп сабаласқан,
Əйелі мен ұлына қарамастан.
Көп ішінде бір байқұс ебін тауып,
Қарындасын бір туған ала қашқан.

Былай шыға қазақ бас құраған да,
Жоғын жоқтап аманы жылаған да.
Қарындасын құтқарған батырдан да,
"Жарың , ұлың қайда" - деп сұрағанда да?!

Жасадым ба білмеймін білмес қылық ,
Шегіндік қой кейінге тым кешкіріп,
Жау қолында екеуі қалып қалды,
Қарындасты атыма мінгестіріп.

Əйел деген жетеді, табылады,
Ұл да болар ашылса бағым əлі.
Əке - шешем қартайған білесіңдер,
Бауыр деген қиын деп аңырады!

Жүздерінен аңғартып жылымышты,
Жұрт əрине уəжді ұғынысты.
Қиын жерде жаныңды езіп кетер,
Бауыр деген түсінсең құбылысты.

Əзəзілді білмеймін неге тыңдар,
Өкпелесіп өзара төгетін зар?!
Бір - біріне туысты айдап салса,
Айтақтаған иттерге еретін бар!

Жырды жазам көбіне мен еңіреп,
Елге болар ақылдың керегі деп.
Артық болмас əйтеуір білгендері,
Бауыр жайын ұғынса тереңірек!
     МҰХИТ МАХАЖАНОВ

Комментариев нет:

Отправить комментарий