Жазмышпен сырласу

Жазмышпен сырласу

Маған бұрып от ұңғысын мылтықтың ,
Құлатуға құлдыратып ынтықтың.
Жығып беріп талай жерде жаманға,
Жауымдай боп жазмышым қырсықтың.


Түсініссек болмас па тіл тауып жəй,
Сезімімді сыздаттың сыздауықтай?!
Қайда барсам көлденең кесір болып,
Шырмалдың ғой жолыма шырмауықтай.

Тəйтік мінез танытар тантық шалдай,
Жіберсеңші етектен тартып қалмай.
Кежір тағдыр кергіген кесіріңнен,
Тарылып жүр тынысым шаң жұтқандай.

Шалып бақтың адымымды тосып əр,
Ұйықтағанда түсім болдың шошынар.
Кел екеуміз достасайық тағдырым,
"Досы бардың дейтін еді хошы бар"
©МҰХИТ МАХАЖАНОВ

Комментариев нет:

Отправить комментарий