Араққа салынған бауырдың əңгімесі бойынша

Араққа салынған бауырдың əңгімесі бойынша  

Адамдықтан алыстармын деп пе едім,
Бір адамдай шаруаға епті едім.
Бой алдырып араққа бейімделіп,
Тірлігімнен ысырылып шеттедім.

Барған жерде жиын той басталғанда,
Арақ қойған ұмсындым дастарханға.
Тойлаудан соң  тіленіп тағы  ішуге,
Құмар болдым ертеңі бас жазғанға.

Ұялған  боп кей - кейде  ар  алдында,
Оңашада ойларға қамалдым да.
Асқындырмай арақты қоямын деп,
Емшілерге ниет қып қаралдым да.

Нəпсім бірақ түсіріп  қақпанына,
Бата бердім құрдымның батпанына.
Емі қонбай ешқандай емшілердің ,
Шарап іштім тиындап тапқаныма.

Тілім жетпес айтуға  бар халімді,
Шарт сындырды шарап ұят қалқанымды.
Жан - жарым мен балам да менен қашып,
Сезбей қалдым  жалқы бас қалғанымды.

Амал  нешік өкініп  күйінгенде,
Құлдырады осылай күйім  демде.
Жиғанымның соңында  бəрін сатып,
Айырылдым  баспана  үйімнен де.

Баян еттім өзіңе  бүгін халді,
Иттер де бар  талайтын жығылғанды.
Іріп кеткен  іштегі бауыр  ағзам,
Ақыретке санаулы күнім  қалды.

Жаза берші ақын дос ал түсін де,
Қадірлемей тұрғанда жан  күшінде.
Өкінемін қайтейін үстірт қарап,
Өмірімнің адастым  тал түсінде!

Шайтан жолды  айтарым орамасын,
"Өлер бала жүгірер молаға шын"
Жазшы досым сабақ қып басқаларға,
Ұққан  адам араққа  жоламасын!
МҰХИТ  МАХАЖАНОВ

Комментариев нет:

Отправить комментарий